Роберт Л. Хиллиард Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу.
493 Кәсіби мүмкіндіктер «Жазуға қатысы бар барлық жұмыстың ішінен бүгінде желілік телевизия копирайтері басқа автормен салыстырғанда шағын ғана бірдеңе жазып-сызғаны үшін көп ақы алатын болар. «Уэллс», «Рич» және «Грин» агенттіктері арқылы «Американ моторс» және тағы да басқа компанияларда копирайтерлік қызмет еткен Чарльз Мосс жазу ісіне аптасына тек 15 минутын жұмсайтынын айтып, сол «уақытымның көп бөлігін мына үстел үстінде өткіземін, мұнда арт-директорлар және іс жүргізушілермен бірге клиенттің жобасын талдап, мұның ішінен бір минуттың ішінде-ақ сатып жіберуге болатын дұрыс идеяны табуға тырысамыз», – дейді. Мұндағы басты кілтсөз – ол идея және көптеген копирайтерлік агенттіктердің басшылары авторлар емес, «концепция құрушыларды» іздеп жүргендерін айтады. Бір көркемдік жетекші: « Сценаристі қашан болмасын жалдай салуға болады», – дейді. Енді бірі: «Тың идеясы мен жаңа көзқарасы бар біреуді, атап айтсақ, әп-сәтте сатылым хабарламасы туралы керемет, визуалды қысқа оқиға жайында тақырып құрастыра алатын жанды емге таппайсыз», – дейді. Doyle Dane Bernbach жарнама агенттігінің копирайтерлік директоры қызметін атқарған Рон Розенфельд: «Біз анау айтқандай копирайтерлерді іздемейміз. Бізге керегі – графикаға ерекше ден қоятын сезімі бар әрі суреттерді сөйлете білетін адам», – дейді. ...Коммерциялық копирайтер өз идеясын жалпақ жұртқа сатпас бұрын, алдымен клиентке сатуға тиіс. Ол мұны қалай істейді деп ойлайсыз ғой?.. Клиент былай дейді: «Көптеген жас копирайтер бір ғана идеясын арқалап келіп, ақырында, ол идеясы арқылы өнімді қалайша тиімді сата білу керектігін ашып айта алмай қалып жатады. Олар өз идеяларын өздерінен қызғанады – бәлкім, олар басқа идеяны ешқашан туындата алмаймыз деп қымсынатын болар. Ал өз ісінің шебері сізге ұнамайтын идеяны ысырып қойып, басқа бес идеяны бірден ортаға жайып салады және сізге тура сол жерде олардың әрқайсысының неліктен тиімді екенін дәлелдеу үшін 11 жақсы себепті жіпке тізгендей бастырмалатып айтып береді». ... Ralph Jones агенттігіне қарасты Радио және Телевизия департаментінің басшысы Эд Кардер: «Бізге өз жұмысын жақсы білетін коммерциялық копирайтер (жарнама мәтінін жазушы) ауадай қажет. Алайда қаламгер ағылшын тілінің майын ішкен әрі медианы шебер меңгерсін, сондай-ақ уақыт пен кеңістік шектеуінде жұмыс істеуге шыдайтындай тәртіпке көне білгені жөн», – дейді. ...Ал осы саладағы фрилансерлік қызмет жөнінде не айтуға болады? Бұл әдетте қосымша жұмыс формасы ретінде қарастырылады. Шағын агенттік өкілдері жетекші агенттікте қызмет ететін, жұмыс істеу стилі ұнайтын копирайтердің көмегіне жүгініп, одан негізгі жұмысынан тыс жұмыс істеу туралы өтінеді. Көп ретте агенттіктер өз қарамағындағы қызметкерлермен жұмыс істейдіжәнеоларқолдабарклиенттізіміне сүйенеді, қызметкерлерінің келер жылы орындауы қажет тапсырмалар топтамасын біліп отырады. Агенттіктер сценаристің пошта арқылы жіберген идеясын сирек сатып алады. Кейбір клиенттер мен агенттіктер плагиат туралы шағымнан қорғану мақсатында сценаристердің жолдамасын автоматты түрде қабылдамай тастайтын форма енгізіп қойған. Еншісінде жарнамаға қатысты тың, жаңа тәсілдер бар деп есептейтін автор, алдымен жергілікті агенттіктермен жемісті жұмыс істей білуі мүмкін, сол агенттіктерге өзінің кәсіби тәжірибесін растайтын түйіндемесі арқылы байланысып, артынша агенттіктің арнайы бір клиенттеріне бірнеше нақты коммерциялық идеяларын ұсыну үшін кездесуді белгілеуін өтінуі мүмкін. Егер ол елгезек болса, көздеген мұратына қол жеткізеді. ...Агенттіктер кез келген копирайтерлік жұмыста гуманитарлық білімнің бар болуы аса маңызды деп есептейді».
Made with FlippingBook
RkJQdWJsaXNoZXIy MTExODQxMg==